Үкіметтің мәселенің бар екенін мойындамауы қасіреттің қайталануына алып келеді
Қазақстанда жыл басынан бері үйінде жалғыз қалған балалардың өліміне әкеп соққан 15 өрт болды. Мұндай деректі балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева келтірді. Уәкілдің айтуынша, мұндай қасірет қайталанбауы үшін мемлекет мұқтаж отбасыларды қолдауы керек. Әйтсе де, дәл осы сөздер бес жыл бұрын Астанада бес баланың қазасынан кейін де айтылған .
2019 жылдың 4 ақпанындағы қайғылы оқиға азын-аулақ жәрдемақыға күн көріп отырған көпбалалы отбасылардың мәселесін ашып көрсетті. Содан кейін билік «көпбалалы отбасыларға көрсетіліп жатқан көмектің жеткіліксіз екенін» мойындап, қолдау шараларын жақсарту туралы айта бастады. Бұрын пилоттық режимде енгізілген атаулы әлеуметтік көмек барлық мұқтаж адамға беріле бастады.
Әйтсе де, кейін дәл осы атаулы әлеуметтік көмек Қазақстан халқын мемлекетке масыл, жұмыс істегісі келмейді деген атаққа қалдырды. Мұны бірнеше мәрте президент те, басқа ресми тұлғалар да айтты. Шенеуніктер мұнысын халық АӘК алу үшін ажырасып, кірісін жасырады деп түсіндірді. Билік кейін көмекті, шенеуніктер айтқандай, нағыз мұқтаж адам алуы үшін оны тағайындау процедурасын өзгертті. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК тағайындау үшін кедейлік шегі орташа табыс негізінде айқындалады, ал жалпы атаулы көмек «азаматтардың материалдық жағдайын ескере отырып» көрсетіледі.
Динара Зәкиева 12 жасқа толмаған балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдыруға тыйым салуды ұсынып жатыр. Осылайша қайғылы жағдайға алып келетін себеп-салдар туралы айтудың орнына, жауапкершілік жүгін ата-анаға ығыстырмақ.
Зәкиева келтірген статистика бес жылда, әсіресе, ауылдық мекендерде көп нәрсе өзгермегенін көрсетеді: жұмыс, ақша, балабақшамен бірге, балаларға қауіпсіз өмір жағдайын жасауға мүмкіндік те жоқ.
Балалар өліміне әкеп соққан өрттің себебі халықтың шарасыздығымен шектелмейтінін де айта кеткен жөн. Қазақстанның солтүстігі мен шығысына әлі газ жетпеген, бұл мәселе 2019 жылдан бері талқыланып келе жатса да, әлі шешімін таппай тұр. Ал газ иісіне арналған датчик көп жерде жоқ: қараша айында премьер-министр Олжас Бектенов жылу беру маусымы басталғалы тұрғын үй секторында өрт күн сайын дерлік болып жатқанын, ал бұл сәтте Алматы, Ақтөбе, Ақмола және Жетісу облысында мұндай датчикпен халықтың 2–14 пайызы ғана қамтылғанын айтты.
Қазақстандағы барлық әлеуметтік проблеманың артында мемлекеттің кезекті қайғылы жағдайға дейін көз жұмып отыратыны тұр. Қайғылы жағдай болған күннің өзінде үкімет қатесімен жұмыс істеуге қауқарлы емес, өйткені өткеннен ешқашан сабақ алмайды.
Читайте этот материал на русском.
Read this article in English.
Власть — это независимое медиа в Казахстане.
Поддержите журналистику, которой доверяют.
Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.
Поддержать Власть