Абай облысының әкімі Алтай қаласында қытайлық инвесторлармен кездесті

Абай облысының әкімі Алтай қаласында қытайлық инвесторлармен кездесті

Абай облысының делегациясы ҚХР ШҰАА-да жұмыс сапарымен жүр.

Кездесуге өндіріс, ауыл шаруашылығы, жасанды интеллект, темір және әуе жолдары, көпір құрылысы, логистика, туризм, энергетика салаларында жұмыс істейтін компания өкілдері қатысты. Аймақ басшысы қытайлық кәсіпкерлерге өңірдің әлеуетін таныстырып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

"Абай облысының өнеркәсіптік, аграрлық, туристік әлеуеті зор. Өңір тоғыз жолдың торабында орналасқан. Сіздермен барлық салада ынтымақтастық, берік қарым-қатынас орнатуға дайынбыз. Өздеріңіз байқап отырғандай, біз Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесі партия комитетінің хатшысы Ма Синжуйдың шақыруымен Алтайға ең ауқымды делегациямен келіп отырмыз. Бұл біздің сіздермен бұрынғыдан да тығыз қарым-қатынас орнатуға ықыласты екенімізді көрсетеді. Семейде аумағы 1 мың гектардан асатын, 75 мың тұрғынға арналған жаңа ықшам аудан бой көтереді. Осында 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық, әлеуметтік нысандар, саябақтар, тұрғын үй кешендерін салу жоспарланған. Өздеріңізді осы ықшам ауданның құрылысына қатысуға шақырамын", — деді облыс әкімі.

Кездесу барысында инвесторлар өздерінің жобаларын таныстырып, туризм, көлік логистика, ауыл шаруашылығы салаларына, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын, жылу желілерін салуға байланысты ұсыныстарын айтты. Аймақ басшысы кездесуде айтылған ұсыныстар жан жақты қарастырылып, әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетін атап өтті. Айта кетейік, Абай облысының делегациясы ертең Алтай қаласында өтетін халықаралық "Үлкен Алтай" субөңірлік конференциясына қатысады. Облыс әкімі конференциядан кейін бір топ инвестормен кездесіп, меморандумға қол қояды.

Сурет: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

Related