«Қабылданып қойған шешімді заңдастыру ғана»

«Қабылданып қойған шешімді заңдастыру ғана»

Билік не үшін АЭС құрылысы туралы қоғамдық талқылау өткізіп жатыр?

Алматы облысының Үлкен ауылында АЭС салу бойынша қоғамдық талқылау өткелі бір жыл болды. Сонымен бірге, бір жыл бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу мәселесі референдумда шешілетінін айтты.

Барлық өңірде «қоғамдық талқылау» деп аталатын шараны өткізіп шығуға бір жыл кетті. Бұл энергетика саласындағы сарапшылар аудиторияны АЭС қажет екеніне белсенді түрде сендіруге тырысқан іс-шаралар тізбегі болды. Талқылау ешқашан шынайы пікірталасқа айналған жоқ, себебі Қазақстанда АЭС салу идеясына қарсылар спикер ретінде шақырылмады.

Энергетиктердің өңірлерге АЭС бойынша сапарының соңына таман талқылауды ұйымдастырушы мемлекет қаржысына тәуелді «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ұйымы мұны «түсіндіру жұмыстары» деп атай бастады.

Бұл талқылауларды министрліктің өзі емес, шартты түрде үкіметтік емес ұйым ұйымдастырған болса, Энергетика министрлігі барлық өңірде талқылаудың аяқталуын неліктен күткені түсініксіз күйі қалды. Дегенмен, соңғы талқылаудан кейін үкімет референдум күнін ақыры жариялауы керек.

Власть АЭС құрылысы бойынша қоғамдық талқылау қалай өтіп жатыр және бұл билікке не үшін қажет деген сұрақты сарапшылармен талқылап көрді.

Талқылаусыз жария талқылау

Жария талқылау шартты түрде әр өңірдегі жергілікті ұйымдардың бастамасымен ұйымдастырылып келді, ол көбінесе Азаматтық альянс, қоғамдық кеңес, облыстық ардагерлер және ақсақалдар кеңесінің мүшелері. Талқылауға міндетті түрде энергетика министрлігі, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС, ұлттық ядролық орталық және ядролық физика институтының өкілдері шақырылады. Олар АЭС құрылысының қаншалықты қауіпсіз екенін, ол үшін қандай технологиялар қолданылатынын, оның жергілікті мамандардың әлеуетін арттыруға үлесін түсіндіреді.

Мұндай талқылауды ұйымдастыруға қанша шығын кеткенін сұраған «Власть» сауалына энергетика министрлігі «спикерлердің жол шығыны әр ұйымның жол қаражаты есебінен төленеді» деп жауап берді.

Азаматтық альянс талқылауды қандай ақшаға ұйымдастырғанын ашып айтпады. Әр қалада талқылау әртүрлі жерде өтті. Соңғы, Астанадағы талқылау бес жұлдызды Radisson қонақүйінде өтті.

Талқылауға қаншалықты тәуелсіз сарапшылар шақырылатыны белгісіз, бірақ жиын соңынан кейін жарияланатын ақпаратта «барлық мүдделі топтың қатысқаны» айтылады.

Десе де, талқылау өтетіні туралы хабарландыру көбіне тек жергілікті әкімдік және мәслихат сайтында ғана жарияланады. Ал талқылаудың өзі қалай өткені туралы энергетика министрлігі жариялайтын ақпаратқа тоқталсақ, онда АЭС-ке қарсы пікір айтқандардың сөзін кездестіру қиын.

«Мен үш атом станциясын салар едім»

Кейінгі «жария талқылаудың» бірі 14 тамызда Қонаев қаласында өтті. Мәдениет үйінің іші лық толы. Баяндамашылардың сөзіне көбіне алдыңғы қатарда отырғандар назар аударды. Бірақ көбіне ол спикерлердің өзі, егде жастағы адамдар, ақсақалдар, түрлі қоғамдық ұйым төрағалары болды.

Власть қатысушылардан талқылау өтетінін қайдан білгенін сұраған еді, олар «адамдардан» деп жауап берді.

«Біз Қонаевтың тұрғындарымыз, сондықтан естідік. Жақсы өтті, атом станциясын салу керек пе, жоқ па, талқыладық... Соны салу керек деп ойлаймыз. Экономикамызға тигізер пайдасы көп екен ғой», – дейді талқылауға келген мұғалім Алмагүл Әбдірахманова.

Тиісті ғылыми ұйымдар мен энергетика министрлігінен міндетті спикерлер баяндамасын аяқтағаннан кейін модератор сұрақ-жауап бөліміне көшті. Алайда, осы уақыт ішінде өзін Қонаев қаласының тұрғынымын деп таныстырған бір әйелден басқа ешкімнен сұрақ болмады.

Ол телефонына қарап, АЭС қаншалықты қауіпсіз және қандай технологиялар қолданылатыны туралы сұрақтарды оқыды. Мемлекет негізінде құрылған «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС басшысы Тимур Жантикин «АЭС істеп тұрған 10 миллион жылда тек бір апат болуы мүмкін» деп жауап берді.

Бірақ Жантикин әлемдегі алғашқы АЭС 70 жылдан аз уақыт бұрын ғана салынғанын, оның «10 миллион жылда бір апат» дегені анық манипуляция екенін айтпады, аудитория да бұл туралы сұрауға тырыспады.

Бұл спикерлерге сұрақ қоюға арналған бөлім болғанына қарамастан, микрофонға жақындаған адамдар құрылысты қолдайтынын мәлімдеп, басқаларды идеяны қолдауға шақыра бастады.

«Энергетикалық қауіпсіздік – кез келген мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігінен кейінгі мәселесі. Сондықтан мен және ауданымыздағы басқа гректер АЭС салу бастамасын қолдаймыз», – деді Еңбекшіқазақ өңірі «грек қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Сондай-ақ талқылауға АЭС салынады деп жоспарланған Үлкен ауылынан келген делегация қатысты. Ол жақта талқылау бір жыл бұрын өтіп кеткен.

«Атом станциясын қолдаңыздар! Біз қанша жылдан бері жүгіріп жүрміз. Мен де қолдаймын, ешқандай зияны жоқ! Бастайықшы! Қасым-Жомарт Кемелұлының пікірін қолдайықшы!» – деді Үлкен тұрғыны Рахима Қайырбекова.

«Үлкен-Су» мекемесінің бас инженері Сергей Третьяков Үлкенде 1985 жылдан бері тұрып жатқанын, содан бері бұл құрылыс жобасын күтіп жүргенін айтты.

«Президент өнеркәсіпті дамытуды жоспарлап отыр. (...) Жастар айтқандай, атом билейді! Маман көп, жеткілікті. Осының бәріне неліктен көптеген отандасымыз қарсы екенін білмеймін. Бұл болашақ қой! Мен үш атом электр станциясын салар едім!» – деп қосты ол.

Кейін Третьяков Власть журналистеріне берген сұхбатында өзін Жамбыл облысының әкімі Үлкен ауылынан спикер етіп осында «тағайындағанын» мәлімдеді.

«Бұған дейін мені Астанаға шақырды, (ұйымдастырушылар) өздері Үлкенге келді. Тағы бірде мені Қарағандыға талқылауға шақырды, әрине, ол жақта шиеленіс болды, бірақ мұнда әлдеқайда тыныш», – деп түсіндірді ол.

Бұл үшін қосымша қаржы төлене ме, жоқ па деген сұраққа ол жол ақысын алғанын айтты.

«Уайымдамаңыздар, маған ешкім ақша төлемейді. Шын жүректен сөйлейтін адам ақша алмайды», – дейді Третьяков.

Талқылау Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиеваның бұл іс-шаралар тек қоғамдық талқылау екенін айтуымен және «насихат жұмысы әлі алда» деген сөзімен аяқталды.

«Жерлестеріме осындай керемет қолдау көрсеткені үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді. Тіпті рухым көтеріліп кетті. Кейде басқа нәрсені айта бастағанда көңіл-күйім түсіп кетеді, бірақ мен бүгін шабыттандым», – деп түйіндеді ол.

Бұл талқылауларда АЭС құрылысына қарсы сөйлегендер болған жоқ. Алайда олар басқа қаладағы талқылауда болды. Мысалы, «Азаттық радиосы» журналисі қатысқан Атырау қаласындағы жария талқылауда бір тұрғын Үлкен маңындағы Балқаш көлінің тартылып бара жатқанын, ол аймақтың жоғары сейсмикалық аймақ екеніне алаңдайтынын жеткізген.

Дегенмен министрлік таратқан ақпаратта жергілікті белсенділер «қауіптері мен үміттерін білдірді» деп құрғақ атап өткен, ал АЭС құрылысын қолдап сөйлеген спикерлердің сөзін ашып келтірген.

Басқа өңірлердегі талқылаудан кейінгі шыққан ақпараттар да осыған ұқсас.

Ал Семейдегі талқылауда тікелей эфир жүргізіп, тұрғындарды АЭС-ті Ресей салуына қарсы шыққан белсенді Елдос Досановты полиция талқылаудан ұстап әкеткен. Кейін оны «полиция қызметкеріне бағынбады» деп 15 күнге қамап қойды.

Елдос Досановты ұстау сәті, фото: "Азаттық Радиосы"

Ашық та жабық талқылау

Ал жария талқылау аяқталуға шақ қалғанда энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ведомство талқылауды «ашық және транспарентті» өткізе алып жатыр деп мәлімдеді. Оның айтуынша, атом энергетикасының дамуына қоғамда қолдау бар, алайда белгілі бір нәрсені болдырмауға бағытталған лоббистік топтар бар. Ол сондай-ақ, «мәселені байыпты түсінбеген, эмоцияға берілген журналистер бар» дегенді қосты.

Десе де, министр пікірімен келіспеген Қазақстанда атом электр станциясын салуға қарсы науқан ұйымдастырған бастамашыл топ жақында мәлімдеме жасап, АЭС бойынша шешім қабылдау процесінде «халықаралық құқық нормалары сақталмай отырғанын» сынады.

Құрамында экологтар мен қоғам белсенділері бар бастамашыл топ Сәтқалиевтың бұл пікірі негізсіз әрі субъективті деп есептейді. Олар талқылауда АЭС құрылысын алға тартатын спикерлер зерттеулер туралы айтқанмен, нақты ақпарат келтірмейтінін сынға алды.

«Энергетика министрлігі Қазақстанда жоспарланған референдумға дейін АЭС салу бойынша азаматтардың шешім қабылдауына, қоғамдық талқылау процестеріне өрескел араласып отыр», – деп келтірілген бастамашыл топ мәлімдемесінде.

Олардың пікірінше, энергетика министрлігінің белсенді қатысуымен жүргізіліп жатқан қоғамдық талқылаулар халыққа кеңінен, дер кезінде хабарланбай өтіп жатыр. «Талқылау кезінде халықтың пікірін білдіру мүмкіндігін көбіне талқылауды ұйымдастырып жатқандар шектейді», – делінген хабарламада.

Билікке бұл талқылау не үшін қажет?

«Власть» сөйлескен сарапшылар мұндай қоғамдық талқылау мен референдум билікке өзінің саяси шешімін заңдастыру үшін қажет екенін атап өтті.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтың пікірінше, бұл талқылаулар ашық баланс сақталған форматта өтіп жатыр деп айтуға келмейді. Ол Үлкен ауылында ең алғаш талқылау болған кезде де жобаға қарсы белсенділер, экологтар, тұрғындар сөйлегенде алалау болғанын атап өтті және аудан, ауыл әкімі сөзді «АЭС керек» дегеннен бастағанын еске алды.

«Өкінішке қарай, Қазақстанда осы уақытқа дейін ел үшін маңызды сұрақтар ешуақытта азаматтық қоғамның, азаматтардың белсенді қатысуымен талқыланбаған. Осы жолы да АЭС құрылысы туралы мәселе тек біржақты айтылып жатыр. Қарап тұрсақ, мұның бәрі талқылау өтті деп айту үшін ғана керек. Бұл жерде мемлекеттік органдар азаматтардың пікірін ескерейік, жан-жақты талқылау арқылы шешім қабылдайық деген ұстанымнан емес, тек симуляция, имитация жасау арқылы шешімдерін ақтау ғана», – дейді ол.

Шалқар Нұрсейітов

Ал әлеуметтанушы, PaperLab зерттеу орталығының жетекшісі Серік Бейсембаев бұл қоғамдық талқылаудан гөрі мемлекеттік органдар жиі қолданатын ақпараттық-түсіндіру іс-шарасының форматына келеді дейді.

Десе де, Бейсембаев мұндай талқылаудың нәтижесі халықтың АЭС құрылысы туралы ақпараттану деңгейі қатты өсе қойды дегенге де сенімсіз қарайды -– былтыр қазанда Paperlab пен DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс мониторинг жүргізу бюросы жүргізген сауалнамада халықтың тек үштен бір бөлігі ғана АЭС туралы жақсы хабардармыз деп жауап берген.

«Біз өз міндетімізді атқардық дегенге белгі қою мақсатында өтетін сияқты. Әр қалада талқылау өткеніне қарамастан, ары кетсе 50–100 адам қатысады. Бұл мұхитқа тамған тамшы секілді», – деп есептейді әлеуметтанушы.

Серік Бейсембаев, фото: "Азаттық Радиосы"

Саясаттанушы Досым Сәтбаев билік осындай талқылау арқылы «Жаңа Қазақстан» деп аталатын саяси технологиясының бір бөлігі ретінде халықпен диалогтың жалған, қолдан жасалған тетіктерін жасауға тырысып жатқанын көріп отырмыз дейді. Ол мұндай әдістің бірі ретінде петицияны мысалға келтірді.

«Ресми түрде билік петицияны халық пен билік арасындағы тікелей байланыстың арнасы ретінде көрсетеді, бірақ шын мәнінде бұл басқарылатын механизм екенін көрсетіп отыр. Иә, билік қоғам белсенділеріне петиция ұсынуға мүмкіндік бергендей болды, бірақ мұнда “сүзгілеу” әрекеті жүзеге асатынын көрсетті – кейбір петиция қабылданады, енді біріне жол жоқ. Бұл әдіс қоғамдық тыңдаулар мен референдумға да қатысты. Демек, халықтың пікірін тыңдаймыз дегенді көрсету, бірақ іс жүзінде шешім әлдеқашан қабылданған болуы мүмкін. Халықтың пікіріне жүгіндік деген әрқашан ұтымды ғой», – дейді ол.

Сәтбаев жақында болған «уақытты кері қайтаруға» қатысты петицияны еске алып, уақытты ауыстыру туралы шешім биліктің АЭС салуда алға тартатын «энергия жетіспеушілігі» аргументіне қарсы келетініне назар аударады.

«Бұл жалпы парадоксқа толы сәт, яғни үкімет бірнеше жылдан бері бізде электр энергиясы тапшылығы бар, үнемдеу керек деумен келеді, енді келіп ол уақытты өзгерту бойынша шешім қабылдайды, бұл электр энергиясын қолдануды арттыра түспей ме?!» – дейді ол.

Саясаттанушы осындай жағдайда шенеуніктердің АЭС құрылысына қарсы шыққандарды бір лоббистік топтың мүддесін қолдап жүр деп айыптауы орынсыз деп санайды. Ол министр АЭС қарсыластарын лоббистер деп атаса, дәл осындай логикамен АЭС-ті қолдаушыларды осы құрылысқа мүдделі компаниялардың лоббистері деп атауға болады деп есептейді.

«АЭС салу себебін түсіндіргенде үкімет үнемі айтатын “электр тапшылығы” бір кездері Жылу электр станцияларын арзан бағаға сатып алып, оған бір тиын да құймаған билікке жақын бизнес топтардың белсенді жұмысының нәтижесі емес пе? Үкімет олигарх топтармен бірге Қазақстанның электр инфрақұрылымын құртып, енді келіп бұл мәселені АЭС салу арқылы шешуге белсенді түрде шақырады. Сондықтан қазіргі процестерден спектакль көріп тұрмын, біз түрлі компания мүддесін қорғайтын лоббистердің белсенді жұмысын көріп отырмыз», – деп сынады Сәтбаев.

Досым Сәтпаев, "Азаттық радиосының" фотосы

Нұрсейітов АЭС құрылысына қарсы пікір азаматтық топ арасында басым сияқты көрінеді, сол үшін де билік мұны ашық, объективті түрде өткізгісі келмей отыр деп есептейді.

«Қарсы болғандардың пікірі қатты естілетін болса, биліктің қарымта аргументтері азайып, тіпті тікелей эфирде ашық дебаттар, дискуссия болатын болса, азаматтық қоғамнан жеңіліп қалу қаупі де бар. Сондықтан ешуақытта бәсеке бар ортада өзінің позициясын, көзқарасын қорғап үйренбеген билік өкілдері бұл мәселе ашық талқылануынан жеңіліп қалуы мүмкін», – дейді саясаттанушы.

Бейсембаев мұндай форматтағы жария талқылаулардың шынымен де оң нәтижеге қол жеткізуі екіталай деп есептейді, себебі қарама-қарсы екі жақты теңдей көруге жол ашпайды, керісінше, тараптар бір-бірін тыңдамағаннан халық екіұдай күйде қалады.

«Екі тараптың арасында дискуссия жасауға мүмкіндік жоқ. Себебі бұл формат басынан-ақ бір тоқтамға келуді көздемейді, яғни бұл “қоғамдық талқылаудың” мақсаты – екінші жақты көндіру, не біздің позиция дұрыс деген нәрсені жеткізу», – дейді ол.

Бейсембаев мұндай талқылауда мемлекеттік нарратив басым жүретінін, бұған қарсы аргумент қабылдамаймыз деген позиция болғандықтан, нәтижесінде шешім қайта қарастырылмайтынын атап өтті.

Референдум

Жоспар бойынша, бұл жария талқылаулар күзге дейін аяқталып, референдум өткізілмек. Референдумда халыққа қандай сұрақ қойылатыны әлі ресми анықталмады, бірақ журналистер сұрағына жауап берген энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов «халық АЭС салуды қолдай ма, қолдамай ма», соны шешетінін айтып өтті. Ал оны қай ел салатынын, қандай технология қолданылатынын мамандар шешуі керек деп есептейді вице-министр.

Власть сөйлескен сарапшылардың үшеуі де референдум нәтижесіне сенімсіздікпен қарайды.

Шалқар Нұрсейітов бұл сенімсіздігін әділ референдум өтуінің алғышарттары жасалмағанымен, сайлау туралы заң қайта қаралмағанымен және Орталық сайлау комиссиясы мен оның аймақтағы филиалдары қайта құрылмағанымен түсіндіреді.

«Тағы бір еш талқылаусыз, демократиялық таңдаусыз, азаматтардың үні естілмейтін референдум өткелі тұр. Екінші жағы референдумдағы дауыстардың қалай саналатыны да кезекті саяси трюк, махинация болғалы тұр», – дейді ол.

«Қалай дауыс беретіні емес, оны қалай санайтыны маңызды» екенін Досым Сәтбаев та атап өтті.

«Президент сайлауы баламасыз өтті, парламент сайлауын да бақылауда ұстады – бірде-бір оппозициялық партия өткен жоқ. Бұл жағдай АЭС референдумына да қатысты. Кейбір сарапшылар бұл тақырып қоғамның бір бөлігіне кең танымал болғандықтан және Қазақстан билігі ресейлік компанияның мүддесін көздеп отыр деген күдік тудырған соң референдум өткізу шешілді деген пікірде», – дейді саясаттанушы.

Бейсембаев сайлау науқаны жоғары жақтан түскен шешімнің орындалуы сияқты қабылданатындықтан, референдумға қатысу деңгейі де төмен болады деп болжайды. Әйтсе де, оның ресми нәтижесі адамдардың таңдауы мен қалауынан расында алшақ болатынын атап өтті.

«Негізі референдумның мақсаты шартты түрде АЭС салу шешімін заңдастыру ғой, қоғамдық талқылау соның негіздемесі ретінде қатар жүретін нәрсе. Сайлау механизмдері орныққан, сайлау ашық өтетін мемлекетте тұратын болсақ, біз референдумның нәтижесіне халықтың көзқарасы, шешімі деп қарайтын едік. Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстан жағдайында соңғы 20 жылдың ішінде әділ сайлау өткен емес», – деп қорытындылады ол.

Власть — это независимое медиа в Казахстане.

Поддержите журналистику, которой доверяют.

Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.

Поддержать Власть