Қазақстанда банктердің саны артты

Қазақстанда банктердің саны артты

Жаздың басынан бері Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екі микроқаржы ұйымына банк лицензиясын берсе, тағы бірінің өтініші қаралу үстінде, деп хабарлайды LS.

Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымованың мәлімдеуінше, бастапқыда банк мәртебесін алу ниетін үш микроқаржы ұйымы білдірген – "БиЭнКей Финанс", KMF және Solva. Алғашқы екеуі қазірдің өзінде тиісті лицензияға қол жеткізді.

"Ал Solva болса, әзірге барлық қажетті құжаттарды келісу және әзірлеу кезеңінде. Бұған дейін ол тұтынушылық несиелеуге маманданған. Біз үшін шағын және орта бизнесті, сондай-ақ корпоративтік несиелеуді дамытуға басымдық берілуі маңызды. Қазір компания бизнес-моделін қайта құрып жатыр: корпоративтік несие портфелін кеңейтіп, әсіресе капитал жеткіліктілігіне қатысты кемшіліктерін жоюға күш салуда", – деп түсіндірді М. Әбілқасымова.

М. Әбілқасымованың айтуынша, микроқаржы ұйымының банк мәртебесін алуы үшін жеткілікті капитал қоры болуы қажет. Бұл қор тек қазіргі ең төменгі талаптарды ғана емес, алдағы уақытта туындауы мүмкін шығындарды да өтеуге мүмкіндік беруі тиіс.

Бұған дейін, LS редакциясы Қазақстанда жаңа банк жұмысын бастағанын хабарлаған болатын.

Related