Қазақстанда енді зейнетақы жинақтарының шекті мөлшерден асатын бөлігін пластикалық отаға жұмсауға болмайды, деп хабарлайды LS.
Отбасы банкінің мәліметі бойынша, стоматология мен офтальмологияға өтінім қабылдау тоқтатылғаннан кейін азаматтар "реконструктивтік және қалпына келтіру операцияларын" жаңа мақсат ретінде таңдауды бастапты. Бұған дейін, банк айына орта есеппен 16 өтінімді қараса, қыркүйекте олардың саны 123-ке, қазанда – 1 844-ке, қарашада – 3 878-ге жеткен. Ал желтоқсанның алғашқы сегіз күнінде 2 093 өтінім түскен, бұл қалыпты айлық деңгейден 130 есе жоғары көрсеткіш.
Тек желтоқсан айында қазақстандықтар пластикалық операцияларға 1,8 млрд теңге жұмсамақ болған. Отбасы банкі бұл зейнетақы қаражатын мақсатсыз пайдалану ретінде қарастырады.
Отбасы банкінің басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимованың сөзінше, кей азаматтар зейнетақы қаражатын делдалдардың көмегімен заңсыз алуға тырысады, ал делдалдар мұнан пайда көреді.
"Банк үшін басты мәселе – зейнетақы жинақтарының нақты мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз ету", – деді ол.
2025 жылғы 12 желтоқсаннан бастап enpf-otbasy.kz порталында "операциядан кейінгі тыртықтарды түзету және туа біткен ақауларды коррекциялау мақсатындағы реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары" үшін біржолғы зейнетақы төлеміне өтінім қабылдау тоқтатылады.
Азаматтар әлі де өз зейнетақы жинақтарының артық бөлігін сирек ауруларды емдеуге, радионуклидтік және радиойод терапиясына, радиохирургиялық және протондық терапияға, сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады.
Бұған дейін, біржолғы зейнетақы төлемін стоматология мен офтальмологияға пайдалану да тоқтатылған еді. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, қазақстандықтар жалған стоматологиялық емге байланысты БЗЖҚ-нан 200 млрд теңге шығарған.
Сонымен қатар, сарапшылар БЗЖҚ-дан көп көлемде ақша алу тұрғын үй бағасының тез қымбаттауына әсер етуі мүмкін деп ескертті.
